Ахмет Иасауи «Диуани хикмет» кітабы.

Пәні:     қазақ әдебиеті                  Сыныбы:     9                     Күні:   20.11.2013 ж              

 

Сабақтың тақырыбы:     Ахмет Иасауи  «Диуани хикмет» кітабы.

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: «Диуани хикмет» кітабындағы  негізгі ойды түсіну  арқылы, Ахмет Иасауиді тарихи тұлға , ақын ретінде таныту.

Дамытушылық:  жеке тұлға ретінде оқушылардың ізденімпаздық қасиеттерін дамыту.

Тәрбиелік:  хикметтерінің поэтикалық тіліне, ақыл-нақылдарына қазақ ғұламаларының шығармаларымен  салыстырмалы талдау жасай отырып, оқушыларды имандылыққа, мейірімділікке, ар-ождан тазалығына баулу.

Сабақтың түрі: жаңа білімді меңгерту сабағы.

Сабақтың көрнекілігі: оқулық, хикметтер, суреттер, слайдтар,

Сабақтың әдісі: баяндау, түсіндіру, талдау,  салыстыру, мәнерлеп оқу, ой қорыту.

Пәнаралық байланыс: тіл, тарих, география.

Сабақтың барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі.

а) сынып даярлығын тексеру; ә) кезекші арқылы түгендеу; б) оқушылардың зейіндерін сабаққа аудару;

ІІ.Үй тапсырмасын сұрау.

Тақырып төңірегінде  жас ғалымдар не дер екен,соған назар аударайық.

1.Ахмет Иасауи туралы филолог не дейді?

Жауап:  Х-ХІІ ғасырдағы Қазақстан жеріндегі ірі мәдени орталықтың бірі-Сыр бойы болды.Ол төңіректен Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани сынды ақындар шықты.

Ахмет Иасауи –білімпаз ғалым,ақын,ойшыл,бүкіл түркі жұртының рухани атасы.Ол қазіргі Шымкент облысындағы Сайрамда туып,қазақ жерін Үнді,Қытай,Еуропамен байланыстырған,Түркістан қаласында тұрған.  Иасауи ата-анасынан 7 жасында жетім қалып,Түркістанда  (ол кезде Йасы деп атаған) апасының қолында тәрбиеленді.

Иасауи-сопылық әдебиеттің өкілі.Ол бүкіл өмірін исламды уағыздауға,шәкірт тәрбиелеуге арнады. Ал 63жасында жер астынан 1кісілік жертөле қылует жасатып: «Мұхаммед пайғамбар жасынан асып кеттім,бұдан әрі өмір сүруім күпірлік болады»-деп, қалған өмірін сол жер астында өткізген,73жасында қайтыс болған. Ибраһим,Гауһар есімді ұл-қызы бар екен, ұлы жастай қайтыс болыпты. Екі ұстазы болған:Арыстан баб және Қожа Иусуф Хамадани. Екеуі де дүниеге қызықпайтын, дін тазалығын, адамдық жолын ұстаған кісілер еді.Қожа Ахмет Иасауи де өзіне осы жолды таңдады.

     2.Әдебиетші не дейді екен?

Жауабы: Иасауи жер астында отырып,соңғы он жылында  «Хикметтер»атты кітабын жазған. «Диуани хикмет» кітабы, Диуани-жинақ,хикмет-алланың құдірет күші,яғни «алланың ақ жолын баяндайтын кітап»деген мағынаны білдіреді.

«Диуани хикмет»-дидактикалық мазмұндағы ақыл кітабы,оның түп нұсқасы сақталмаған.

«Диуани  хикмет»-әрбір адамды имандылыққа ,ізгілікке,адамгершілікке бағыттайтын,тәрбиелік мәні аса зор еңбек.

   3.Ахмет Йасауи тұрған Түркістан қаласы туралы археолог не айтар екен?

Түркістан-бабалардың көне қаласы.Ол Қаратау мен Сырдария өзенінің ортасында ,Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Мұсылман діні келгеннен бастап қала Ясы деп аталған. Ақын Қожа Ахметтің Ясауи болатыны осы тұс. Ата-бабаларымыз көне заманнан Түркістан топырағына барып, тәу етіп, қасиет тұтқан. Көне Түркістан топырағында 81 хандар мен билер, батырлардың сүйегі жерленген.

ІІІ.Жаңа сабақ

Сабақты мынандай дәйексөзді негізге ала отырып жүргіземіз: «Ең алдымен,өзіңді өзің таны!»-дейді грек ғалымы. «Өзіңді танығаның-хақты танығаның»-дейді ұлы бабамыз Қожа Ахмет Иасауи. Хақ деп отырғаны-ақиқат,дүниенің мәні. Демек,әрбір адам,ең алдымен ,өз елінің өткенін,тарихын,ата-бабаларын білуі керек.

Біздің бүгінгі сабағымыз- ақын, ойшыл, мұсылман дінінің атақты қайраткері, философ, ғұлама ғалым,  Ахмет Иасауидің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») кітабының тәрбиелік мәнін ашуға арналған іздендіру сабағы.  

Ендеше оқушылар қылуетте өмір кешкен, бабамыздың мәңгі өшпес асыл мұрасы — «Диуани хикмет» («Даналық кітабы») қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Яғни, Ахмет Иасауи сопылық-философиялық дүниетанымдарын өзінің «Даналық кітабы» еңбегінде баян етеді. Түп нұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы көшірмесі ғана. Диуан-жинақ, хикмет-алланың құдірет күші, яғни «алланың ақ жолын баяндайтын кітап» деген мағынаны білдіреді.

Иасауидің кітабын тақырыбы жағынан екі топта жіктеп қарастыруға болады.

  1. Сопылық ілімінің мазмұнын өлең түрінде жырлаған хикметтер тобы. Бұған үгіт, насихат, өсиет үлгісінде жазылған тәлім-тәрбие сипатындағы хикметтер жатады.
  2. Ақынның өз кезіндегі дәуір, қоғам бейнесін жасайтын лирикалық шығармалары.

 

Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,

Тәліптерге (шәкірттерге) баян етсем қалмас арман.

Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ пәрменімен,

Пәрмен болса өлгенше жырласам мен,-

 

деп, даналық сөздерінің 4 мың 400 жол екендігін ескерткен.

Абай айтқан асыл сөз бар: «Мұны жазған білген құл, атын білме, сөзін біл». Ұлықтекті ұлы Өситенамасындай «Диуани хикмет» турасында түркістандық ғұлама:

Ескерткіш қалдырдым мен ежеттіге,

Қастерлеп, аруағымнан медет тіле,- депті. Яғни бізге бағыштаған аманатындай.

1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Иасауи қабірінің басына кесене тұрғызылған. Құрылыстың негізіне жергілікті сәулетті жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы алынған. Кесене жобасы Орталық Азия сәулет өнерінде бұрын-соңды ұшыраспаған шатыр жабу тәсілдері қолданылуымен ерекшеленеді. Кесененің ұзындығы -65,5 метр, ені – 46,5 метр, мұнараларын қоса есептегенде ені-50, биіктігі-40 метр. Орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме орналасқан, олардың біріне Ахмет Иасауи мүрдесі қойылған. Кесененің ортасында қазандық орналасқан. Мұнда жеті түрлі қымбат металл (алтын, күміс, мыс, мырыш, қалайы, қорғасын, темір) қоспасынан құйылған тайқазан бар. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістан қаласында орналасқан ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіші.

 

  Ендігі кезекте хикметтерінен  үзінділер оқып, негізгі ойын анықтап, поэтикалық, салыстырмалы  талдау жасап  көрейік.    

Хикметтер

Даналардың айтқаны келер болды,

Қияметтің қияпаты төнер болды,

Ақымақтар айқаймен жеңер болды,

Бұл не деген замана болды достар.

 

Халайықтан мейірім мен рақым кетті,

Момынға телі-тентек зақым етті,

Тал түсте талапайда ақыл кетті,

Бұл не деген замана болды достар.

 

Үлкен-кіші адамнан ибалық әдет кетті,

Қыз-бозбала жастардан әдеп кетті,

Мінез-құлықты бұзатын әлек жетті,

Бұл не деген замана болды достар.

 

Азған заман ғалымы залым болар,

Қошаметшіл қулықпен мәлім болар,

Анығын айтқан адалдар жазым болар,

Бұл не деген замана болды, достар.

 

Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,

Жалғандыққа шындықтың қайраны жоқ,

Шындықты айтып осылай шырқыраған

Құл Қожа Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.

Негізгі ойПоэтикалық

талдау

 Эпифора

Эпитет

Метонимия

Тұрақты тіркес

 

  1. Құштарлықтың бейнетін көрмес болсаң,

Қорлық тартып, сұм нәпсіңді жеңбес болсаң,

Алла басқа салғанда көнбес болсаң,

Олла-білла, сенде ышқының айғағы жоқ.

 

Зікір айтып, зар еңіреп- еміренбесең,

Иіп үш жүз алпыс тамырың, тебіренбесең,

Төрт жүз қырық төрт сүйегің сөгілерде сен

Қиналмасаң, құр сөзіңнің салмағы жоқ.

 

Нәпсің тыйып, көңілің тойса қанағатқа,

Саған разы болар бүкіл жамағат та.

Жақсыларға қызмет қып, ие бол адал атқа,

Машһарда ондай ғашықтың арманы жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

3.Қысыр сөзді айтпа маған дән-нәрі жоқ,

Ғашықтығың бекер ғой көз қаны жоқ,

Жан бермеген махаббаттың байламы жоқ,

Қысқа өмірін ұзартар жалғауы жоқ.

 

Ынтазар боп отқа түстің, күйіп-жандың,

Шам  айналған көбелектей жүріп те алдың,

Дертің де ауыр, қайғың да ауыр, естен тандың,

Қасіретіңнің тола қояр аңғары жоқ.

 

Қиын жолда қиылып басың кетер,

Бұл жайында айта берсең болар бекер,

Жөнің бар ғой пірге адал қызмет етер,

Қызметіңнің еленбей қалғаны жоқ.

 

Рахат емес, бейнеттен қашпағандар,

Таңсәріден жанын қинап қасқаярлар.

Ит дүниені қызықтырмай тастағандар

Шын ғашықтар деп айтсам, жалғаны жоқ

Поэтикалық талдау

 

Эпитет

 

Теңеу

 

Метонимия

 

Қайталау

 Қысыр сөз

Қысқа өмір

Құр сөз

 Шам айналған көбелектей   Ит дүние   Болар, болғын   (эпифора)

 

Мәнерлеп оқу.

  1. Дүние-мүлікке құмартып, жаһан малын жиғандар,

Құзғын жемін жегендер арамға әбден батпақшы.

Молла, муфти болғансып, жалған дұға қылғандар,

Ақты қара дегендер тамұққа барып жатпақшы.

Қазы, имам атымен қол қойса нақақ жалаға,

Сол үкімнің салмағы өздерін басып қалмақшы.

Арам жеген әкімдер, құныққандар параға,

Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы.

Таңдап тәтті жегендер, атлас-қамқа кигендер,

Алтын таққа мінгендер жер мен жер боп жатар-ды.

 

Венн диаграммасы

Ахмет Иасауи                 Ұқсастығы                     Абай

 

Сөзмаржан

Зікір- бұл құдайды мадақтап айтылатын өлеңдер.

Тақуа-діндар, діншіл.

Ақырет- о,дүние, машхар

Тамұқ- діни ұғым бойынша, күнәһар адамға о дүниеде азап көрсететін жер, тозақ.

Нақақ- бостан-бос, жазықсыз.

Жазмыш-әр адамның тағдыры

Қыңбай –қарсыласпай

 Сопылық-ислам дініндегі бір ағым,рухани тазалық арқылы Аллаға жақындай түсу жолын іздейтіндер.

 Қылует-халуат деген сөзден шыққан,жер астында бір кісілік жертөле.

 Күпірлік-асып-тасқандық

Йасауи сақтандырған 5нәрсемен таныстыра отырып,кімнің даналық ойымен сәйкес келетіндігін анықтау,кестені толтыру:

             Йасауи                                                 Абай

1.Алланың ақ жолын мойында1.Өсек
2.Менмен,тәкәппар болма2.өтірік
3.Арыңды сатпа3.мақтаншақ
4.Арамдықтан аулақ бол.4.еріншек.
5.Еріншек болма.5.бекер мал шашпақ
Ғалымдардың пікірі 

 

 

 

 

1. Ерлан Арын (ҚР білім, экономика ғылымының докторы)

Түркістандық ғұламаның «Даналық кітабын» тек әдеби шығарма деу аздық етеді. Иманжүзділік оқулығы әділетті болар. Ол тұтқиыл тығырықтар тұсында тұйықтан шығарар жол көрсетіп, инабатшыл көңілге Иланым ұялатады».

2. А.Қыраубаева. «Суфизм көзқарасындағы  ақындық дәстүрдің қазақ поэзиясындағы қалыптасуына түркілік әдебиет даму кезеңіндегі шығармаларда негізгі қаланған мәселелердің кейінгі ақындар арқылы жалғасатындығы табиғи заңдылық. Аллаға ғашықтық Йасауи және оның дәстүріндегі ақындар поэзиясында орныққан құбылыс. Жаратушыға арналған махаббат, ғашықтық ұғымдардың әлеуметтік сырлары жалпы азаматтық, гуманистік ойлармен де ұштасады »

«Ғасырлар мұрасы» А., 1987, 360-б

 

ІҮ.Қорытынды :   Демек, Иманды адам күн секілді. Күн бойынан жылу мен жарық бөліп, жер бетін нұрландырып, жан бітіреді. Кемеңгер бабамыз өз заманының шындығымен қоса, өз өмірінің  бүкіл болмысын, ғұмырлық тәжірибесін, ізденістері мен құлшыныстарын, Алланың ақ жолын Ақиқат жолын табу мен тану үшін не істеу керек екендігін өлеңдік өрнекпен, ғұламалық тереңдікпен, шын  мұсылмандық ұғыммен айтып отырған.

«Диуани Хикмет» атты кітабы діни-сопылық қағидалармен қатар оқу, білім алу, адалдық, имандылық, ізгі қасиетті болу, ақыл-парасатқа жету, жақсылық, жамандық, төзімді болу, достық пен махабатты қастерлеу, әділетті болу, адал жолмен жүру сияқты адамгершілік құндылықтарды насихаттайды.Түркістандық ғұламаның «Даналық кітабын» тек әдеби шығарма деу аздық етеді. Сірә, Абай «бес асыл» атаған: Талап, Еңбек, Терең Ой, Қанағат, Рахым, бір сөзбен, Иманжүзділік оқулығы дегеніміз  әділетті болар.

Ү.Бекіту: Ғалымдардың пікірі мен оқушылар пікірін салыстыра келе Ахмет Йасауидың «Даналық кітабындағы» хикметтерінің болашақ ұрпаққа айтар насихаты:

«Даналық кітабы» сөзіне математикалық мінездеме.

ҮІ.Оқушыларды бағалау.

ҮІІ.Үйге тапсырма:  Ахмет Йасауидің хикметтерін оқу, талдау.

«Имандылық -адам бойындағы  ең үлкен  қасиет» тақырыбына шағын шығарма жазу.

 

 

 

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі:      Ильясова А.Ж.