Мұқағали Мақатаев

133

Сабақтың тақырыбы: Мұқағали  Мақатаев

Мақсаты: Ақын М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығынан мәлімет беру.

Оқушылардың  поэзияға  деген  ынтасын  арттыру, ізденімпаздық  қасиеттерін

қалыптастыру, тіл  мәдениетіне  баулу, мәнерлеп  оқу  мәдениетін  жетілдіру.

Өнер  адамына, еліне, тілге  деген  патриоттық  сезімдерін ояту,

адамгершілікке, ұлтжандылыққа  баулу .

Сабаққа керек құрал-жабдықтар:

Тақтада Мұқағали Мақатаевтың суреті ілулі тұр.

Астында ақынның  сөзі жазылған:

                                   Қатыбас өмірден мен пайда алмадым,

                                   Жаныммен жазған жырым – жайған малым.

                                   Қылышың емес пе едім қынаптағы ,

                                   Жоғалттың неге мені пайғамбарым .

Одан кейін ақын туралы ойлар:

а )…Мұқағали  мөлдірліктен, тазалықтан, биік адамгершіліктен  тұратын.

(Лашын  Әзімжанова)

ә)    Мұраты  мықты  Мұқағали,

Қуаты  мықты  Мұқағали.                               (Мұзафар  Әлімбаев)

б) «Балама ақындық  қасиетті  Аруақ, Құдай  берген   шығар.

Мұқағали  жайлы  айтылып  жатқан  жарты  ауыз  сөздің  өзіне

марқайып  қаламын»                                   (Ақынның  анасы Нағима апа)

Сабақтың барысы: 1. Психологиялық кезең.

— Балалар, сабақ бастауға көңіл-күйлерін қалай? Тақтаға көз салсаңдар, адамның көңіл-күйін білдіретін суреттерді көре аласыңдар. Қазір алдарыңда жатқан стикерлерге сол суреттерге қарап, көңіл-күйлерінді көрсететін суретті салыңдар. Жақсы. Сонымен бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы».

  1. Кіріспе сөз:  Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы  Мақатаев 1931жылы 9 ақпанда Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылында туған. Балалардың үлкені – Мұқағали еді. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына өтті. Әкесі Сүлеймен соғыста қаза тауып, анасы Нағиман мен әжесі Тиынның тәрбиесінде өсті. Ол 10-11 жастан бастап өлең шығара бастайды.

Әйелі – Лашын Әзімжанова. Тұңғыш қызы – Ләззат 1949 жылдың желтоқсанында дүниеге келіп, сәуірде суық тиіп қайтыс болған. Екінші қызы – Майгүл 1951 жылы мамырда дүниеге келген, 1962 жылы Алматыға көшіп келгеннен кейін машина апатынан қайтыс болады. Бұл қаза ақынға қатты соққы болады. Майгүлге арналған өлеңдер циклі баршылық. Қалған балалары – Жұлдыз, Айбар, Алмагүл, Шолпан.

Мұқағали орыс, неміс тілдерін жақсы білген.

1948-1949 жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыған. К.Маркс атындағы кеңшарда (қазіргі «Текес») ауылдық кеңес хатшысы, мектепте мұғалім болды.

1952-1962 жылдары Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген. 1970 жылы Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, 1973-1974 жылы Мәскеудегі әдебиет және өнер институтында оқыды.

Ақынның тұңғыш өлеңдері «Қырман басында», «Қойшы бала — Әкітай», «Інімнің ойы», «Шебер».  Өлеңдегі ұстазы – Қ.Аманжолов. Ақынның тұңғыш кітабы – «Ильич», ал кейінгі шығармалары «Ақ қайың әні», «Ару-ана», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Қырандастар», “Чили – шуағым менің», «Шекарада», «Большевиктер», «Өмірдастан», «Арман», «Шолпан», «Досыма хат», «Отаным, саған айтам», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт.Жан азасы» атты поэма-толғаулары бар. 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар.  Мұқағали – ақын, жазушы, драматург. Ақиық ақын 1976 жылы 27-інші наурызда 45 жасында Алматы қаласында қайтыс болды.

  1.   Сұрақ – жауап әдісі арқылы оқушылар бір-бірінің білімдерін тексереді.

— Мұқағали Мақатаев кім?

Мұқағали Мақатаев ең бірінші ақын дейміз, сосын драматург, сатирик, публицист, жазушы, аудармашы, ұстаз, журналист деп атап өтеміз.

— М.Мақатаев қай жылы, қайда туған?

— Ол әкесінен неше жасында жетім қалды?

— Оның қандай өлеңдерін білесің?

— Қай жылы мемлекеттік сыйлықты алды және қандай кітабы үшін?

— 2000 жылы15 желтоқсанда мемлекеттік сыйлық берілді және «Аманат» кітабы үшін.

                     4.Әңгімелесу. Аз ғана өмір сүрсе де артына өшпес мұра қалдырды. Ол өмірді сүйіп өтті. Ал, енді балалар, Мұқағали  ағамыз  жайлы  сыр  шертейік.

       «Менің  анкетам»

  • Туған жерің?
  • Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
  • Туған жылың?
  • Құрдасымын Шәмілдің.
  • Шыққан тегің?
  • Шаруамын.
  • Білімің ше?
  • Орташа ғой.
  • Алайда өзім жоғары бағалаймын.
  • Ана тілің?
  • Қазақша.
  • Қысылғанда орысша да, немісше де бар.
  • Қайда істедің?
  • Мынау «Еңбек кітапшамнан» тауып ал.
  • Оқымаған, дипломсыз демесең, бір басымнан бар мамандық табылар.
  • Міндеттісің бе әскерге?
  • Міндеттімін.
  • Міне мұнда көп мағына бар.
  • Мекен – жайың ?
  • Жерде жүрген  ақын  деген  пендемін,

Қағаз, қалам, уақыт  бер  аздаған .

Мен  өмірді  жырлау  үшін  келгенмін !

 

Махаббат диалогы.

— Құс боп ұшып кетсем не етер едің?

— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

— Отқа түсіп өрттенсем не етер едің?

— Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

— Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

— Жел боп қуып соңыңнан жетер едім!

— Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

— Қойшы сәулем бәрін де көтеремін!

                    

 

  1. «Мұқағали  әлеміне  саяхат»

                        “Үш бақытым”

Ең бірінші бақытым – халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын.

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші  бақытым – тілім менің,

Жас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Кім мықты? – десе біреу, — Отан дер ем.

Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?.

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.

Өмір деген не десем?

Өмір деген не десем,

Өмір деген осы ма?

Үрейлендің неге сен?

Үрікпе, жаным, шошыма!

Өзіңе-өзің жүк артып

Өмір деген тер төгу.

Бір нәрсеге құмартып,

Бір нәрседен жеркену.

Біреулерді алдау да

Біреулерден алдану.

Қор боп өтпей жалғанда

Қолдан келсе, жан бағу.

Кейде шалқып шаруам,

Кейде қашып берекем.

Өмір деген-жаным-ау,

Өзім екем, мен екем…

   «Поэзия! Менімен егіз бе едің?»

Поэзия!  Менімен егіз бе едің?

Мен сені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім, жоғалған замандардан.

Сені іздедім сезімге у шараптан да,

Минуттардан іздедім, сағаттан да

Сені іздедім.

Іздемей тағат бар ма?

Сені маған егіз ғып жаратқан ба?

              « Халыққа хат »

Туған халқым!

Қатемді кешір менің

Сенің арқан-сескенбей,есіргенім

Егерде жырың болмай,ұрың болсам

Алақанға саласың несін мені

Жоқ!

Менің жүрек емес төсімдегі

Ол бір от сенің ұлы көшіндегі

Өзіңнің жандырғаным,өшіргенің

Әзірге тастаған жоқ есім мені

Уа,жұртым!

Кешір мені!  Кешір мені!

Күзде

Сен- менің тынысым ең, тынысым ең,

Сен үшін өмір сүріп, тырмысып ем.

Жыл құсымен оралған жаным менің

Бірге аттанып кетесін жыл құсымен.

Күзі келіп, өмірдің жазы қайтып,

Қазы қайтып аттанар назы айтып,

Айдың көлдің бетінде сызат қалар

Қазы қайтып келгенше жазылмайтын.

Құстар кетті қоштасып көліменен

Жеріменен, тауымен, көгіменен

Жаным менің тағдырым жазбағайды,

Қош айтысар кезенді сеніменен

Қызылы жоқ қырманда- күзде міне,

Қайтқан құстың қараймын тізбегіне

Бара жатыр аттанып аққу қаздар

Біздің жақтан күдерін үзгені ме?

  1. Қорытынды:

Мен бір нәрсеге – поэзияның тіршілікпен бірге, яғни адамен табиғатпен бірге  өлетініне кәміл сенемін .

          Адамзат жаны қатыгез тартса тарта берсін. Қайтсе де бір парасатты адам қалады .. Ол – ақын. Ақырғы сөз соныкі.

Сабақтың соңында «Сәби болғым келеді» әні орындалады.

1.Құс та болғым келмейді қанатым бар,

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.

2.Тар бесігі – кең жаһан, тарылмаған,

Біреуге бар, біреуге табылмаған.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Ана сүті аузынан арылмаған.

3.От та болғым келмейді жылуым бар,

Жылуым бар, керек пе, жылыныңдар.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Күн сәулесі ойнаған тұлымымда.

4.Қанат қағып өмірге ұшарымда,

Кесілмесе бәрібір тұсауым да.

Сәби болғым келеді, сәби болғым,

Сәбиі жоқ ананың құшағында.

  1. Үй тапсырмасы: Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы.