«Туберкулез- қатерлі дерт» (Туберкулезге қарсы айлық аясында өткізілген шараның жоспары)

112

«Туберкулез- қатерлі дерт» (Туберкулезге қарсы айлық аясында өткізілген шараның жоспары)

Мақсаты- туберкулез туралы дерек бере отырып оқушылардың өз денсаулығына, қоршаған адамдардың денсаулығына жауапкершілігін арттыру

Көрнекілігі- интерактивті тақта, оқушылар дайындаған денсаулық парақтары, суреттер

Сабақ кезеңдері

  • Көңіл-күй толқыны
  • Тарих қойнауынан
  • Сен не білесің?
  • Айналадағылар пікірі
  • Ойланып оқимын
  • Ой қорыту
  • Ауырып ем іздегенше
  • Дәрігер сөзі- алтын сөз
  • Жамбы ату
  • Қорытынды

 

Құрметті оқушылар қонақтар! Бүгінгі шарамыздың тақырыбы «Туберкулез- қатерлі дерт».  (Мақсаты айтылады). Сабағымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейін- (интерактивті тақтаға сабақ кезеңдері жазылып қойылған). Одан кейін келген қонақтар таныстырылады.

  • Көңіл-күй толқыны (жайлы музыка ойнап тұрады)

 

Сабақты бастамас бұрын  ең әуелі қөңіл-күйімізді жақсы бір толқынға бағыттап алайық. Ол үшін бәріміз ортаға шығып, дөңгелене тұрайық, жақсы бір нәрсе ойлап отырып оң жақтағы адамның қолын қыс. Өзің ойлаған жақсылық толқын боп басқа да адамға берілді, енді сол жақтағы адамның қолын қысыңдар. Енді мен сендерге кілт берем, бір-біріңе бере отырып жақсы тілек тілеңдер.  Өйткені халқымыз жақсы сөз жарым ырыс дейді.Енді осы жақсы көңіл күймен сабағымызды бастайық. Ол үшін топтарға бөлінуіміз қажет.(Топқа бөліну геометриялық фигуралар арқылы іске асырылады)

  • Тарих қойнауынан (таныстырылым арқылы оқушы хабарлама жасайды)

Туберкулез ерте заманнан белгілі. Ол туралы Вавилон әміршісі Хаммұраттың заңдар жинағында (біздің дәуірімізге дейінгі 2000 жыл), үндістердің қасиетті кітабы «Ривеграда» (біздің дәуірімізге дейінгі 1500 жыл), Гомер шығармаларында жазылған. Мысыр мумиелерінің қалдықтарын зерттегенде сүйектерден туберкулез зақымына ұқсас зақымданулар табылған. Ал аурудың барлық белгілерін Гиппократ еңбектерінен табуға болады. Туберкулездің жұқпалы екенін 1546 жылы итальян ғалымы Фрокастро анықтаған. Еуропада бұл ауруды «кедейлер ауруы» деп атаған, себебі, бұл аурумен әлеуметтік жағдайы төмен адамдар ауырған. Орыс жазушысы А.П. Чехов туберкулез ауруына шалдығып, содан қайтыс болады.1994 жылдан бастап туберкулезге қарсы өте пәрменді 5 препарат жасалған. Сонымен, бұл ертеден келе жатқан ауру қазір қайта өршіп тұр.

 

  • Сен не білесің?

Енді топ болып жұмыс істей отырып, туберкулез туралы білетіндеріңді постер түрінде жасаңдар. Оқушыларға қағаз беріледі. Жұмыс аяқталған соң әр топтан бір басшы шығып жұмыстары туралы айтып береді.

 

 

 

 

 

  • Айналадағылар пікірі

Енді біздің оқушылар туберкулез туралы не біледі екен, соны көрейік. Алдын-ала түсірілген бейнематериал арқылы бірнеше оқушының пікірі көрсетіледі.

  • Ойланып оқимын

Сендердің ойларыңды, басқа оқушылардың ойын білдік, енді туберкулез туралы деректі ойлана отырып оқиық. Ол үшін мен берген мына мәтінді қарындаш алып, өздеріңе белгісіз деректердің астын сызасыңдар.

Туберкулез туралы

Жыл сайын туберкулезден 3 млн адам қаза болады,9-10 млн даам осы ауруды жұқтырады, 16-20 млн адам осы аурудың әртүрлі формаларымен ауырады.

Бұл күнде ауру індет ретінде бүкіл әлемге таралған. Өкпе туберкулезімен ауырып, ем қабылдамаған адам жылына 10-25 сау адамға ауру жұқтырады. Аурудың қоздырғышы –Кох таяқшалары. Оны 1882 жылы неміс дәрігері Роберт Кох ашқан болатын. Бұл ұзындығы 1-4 мкм жіңішке таяқша тәрізді бактериялар. Олар қозғала алмайды, спора түзбейді.Өте өміршең. 75 0С-та 30 минут қыздыруға шыдайды, қайнатқанда 5 минуттан кейін өледі, бөлме температурасында (қараңғыда) 4 айға дейін, сәуле шашырап түсіп тұрған бөлмеде 1,5 айға дейін өмір сүре алады. Хлоры бар зарарсыздандырғыштан тез жойылады. Ағын суда 1 жылға дейін, топырақта жарты жыл, кітап беттерінде 3 ай, кеуіп қалған қақырықта 2 айға дейін сақталады.

Негізгі инфекция көзі ауру адам.Кейде ауру үй жануарларынан жұғады. Олардың ішінде ірі қара, тауық, күркетауықтар туберкулезбен ауыруы мүмкін.

Аурудың таралу жолдары:

  • Ауа-тамшы арқылы таралу- түкірік тамшылары арқылы сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде;
  • Ауа- шаң арқылы;
  • Азық-түлік арқылы( ауру малдың сүті, қаймағы, ірімшігі, майы)
  • Қарым-қатынас арқылы (негізінен қасапшылар, смауыншылар, оларға ауру қоздырғышы терідегі жарақат арқылы енеді);
  • Аяғы ауру анадан шаранаға (өте сирек кездеседі)

Негізінен туберкулез өкпені зақымдайды, бірақ өкпеден басқа да мүшелерді- буындарды, сүйекті, теріні, бүйректі, лимфа түйіндерін зақымдауы мүмкін.

Туберкулездің белгілері:

  • Жөтелге қарсы дәрілермен емделмейтін 3 аптадан аса жөтелу;
  • Кеуде тұсының ауыруы;
  • Кейде қан аралас іріңді қақырықтың түсуі;

Қосалқа белгілер:

  • әлсіздік;
  • тәбеттің төмендеуі;
  • арықтау;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • тершеңдік, әсіресе түнде.

Туберкулез- өте қауіпті ауру. Дұрыс емделмеген жағдайда адам 1 жылдың ішінде шетінеп кетеді. Ауру адамды емдеу алты айға, кейде 9 айға созылады.Туберкулез таяқшалары өте өміршең болғандықтан емдеу курсын толық өту керек. Тіпті дәрі қабылдаған  алғашқы аптадан кейін ауру өзін жақсы сезініп, емдеуді ары қарай жалғастырмайтын болса,  ауру қайта айналып келеді, онда оны жеңу оңай болмайды.

 

  • Ой қорыту

Ал, енді жаңадан білген ақпараттарыңмен бөлісіңдер. Ой қорыту барысында интерактивті тақта арқылы туберкулезбен зақымданған мүшелер суреті көрсетіледі

  • Ауырып ем іздегенше…

Осы ойды аяқтаңдаршы, әрине «ауырмаудың жолын ізде». Енді біз топпен жұмысымызды жалғастырамыз. Бір топтың тапсырмасы- аурудың алдын алу үшін не істеу керек. Екінші топтың тапсырмасы- өмірде әртүрлі жағдай болады, адам бәріне де дайын болу керек. Егер отбасында бір адам ауру жұқтырып алса, қандай сақтық шараларын қолдану керек. Үшінші топтың тапсырмасы- фломастер алып, туберкулездің алдын алу туралы үн парақ жасау. (Жұмысқа берілген уақыт аяқталған соң оқушылар жұмыстарын қорғайды)

  • Дәрігер сөзі- алтын сөз

Міне, біз аурудың алдын алу шараларын қарастырдық. Енді дәрігер сөзіне құлақ салайық. (Мектеп дәрігерінің туберкулез туралы қорытынды сөзі)

  • Жамбы ату

Енді  ойынға да кезек берейік. Әр топ кезекпен дартс ойынының тәртібімен алатын ұпай санын анықтап алады. Егер сұраққа жауап берілсе, ұпай есептеледі. Егер топ жауап бере алмаса, басқа топ жауап беріп ұпай алады.

1 сұрақ- туберкулез диспансерін қарағай орманының ішіне салған тиімді, неліктен.

2 сұрақ- біз туберкулез қоздырғышы таяқша пішінді дедік, еншеше таяқша пішінді бактерияны қалай атайды.

3 сұрақ- қазақ халқы бұл ауруды ертеде қалай атаған.

4 сұрақ- орыс халқы бұл ауруды чахотка деп атаған. Бұл сөз қандай мағына береді.

5 сұрақ- ата-бабаларымыз осы аурудың бірден-бір емі деп таныған сусын. (Уақытқа байланысты мұғалім басқа да сұрақтар қоя алады)

 

  • Қорытынды

Сонымен, бүгінгі сабағымыз аяқталды.  Сабақта не ұнады, қандай әсер алдың? (Оқушылар кері байланыс парақшаларын толтырады. Жамбы ату қорытындысы бойынша жеңімпаз топ марапатталады.

 

  • Көңіл-күй толқыны
  • Тарих қойнауынан
  • Сен не білесің?
  • Айналадағылар пікірі
  • Ойланып оқимын
  • Ой қорыту
  • Ауруды емдеме…
  • Дәрігер сөзі- алтын сөз
  • Жамбы ату
  • Қорытынды