Компьютер — әмбебап есептеуіш машина

325

Сабақтың тақырыбы :  § 5 Компьютер — әмбебап есептеуіш машина

Сабақтың мақсаты :

Білімділігі : Бала бойына бүгінгі тақырыпты өту барысында білімдерін арттыру.

Тәрбиелігі : Әр оқушыны іскерлікке, нақтылыққа, ынтымақтылыққа тәрбиелеу .

Дамытушылығы : Оқушының әрбір сабаққа ынтасы мен қаблетін біріктіріп, пәнге деген қызығушылығын арттыру.

Сабақтың түрі : жаңа сабақты меңгерту сабағы

Сабақтың көрнекілігі : компьютер, интерактивті тақта, презентация

Сабақтың барысы :

а) ұйымдастыру кезеңі

б) сабақ сұрау

в) бағалау

г) жаңа сабақ

д) бекіту

е) үйге тапсырма

ж) қорытынды

Жаңа сабақты түсіндіру

Компьютер – күрделі құрылғылардың жиыны. Ол жұмыс жасау үшін программалық жабдықтамалар керек. Компьютердің жұмыс істеуі үшін ең қажетті программа – оның жұмыс қабілеті мен басқаруды қамтамасыз ететін операциялық жүйе. Операциялық жүйенің бір мысалы ретінде Windows операциялық жүйесін атасақ болады.

Компьютер кез келген есепті шығару үшін қолданылады. Ол деректерді талдау, ақпаратты сандық форматта сақтау, видео және фотоматериалдарды өңдеу, мәтіндік ақпаратты құру және түзету, т.б.болуы мүмкін. Компьютер тек программалардың жұмысын, жұмыс жылдамдығын қамтамасыз ету міндетін атқарады. Орындалған жұмыстың нәтижесі тұтынушыға әртүрлі мониторлар, принтерлер, проекторлар және т.б.ақпаратты басып шығару, бейнелеу құрылғыларының көмегімен ұсынылуы мүмкін.

Компьютерлерді қолдану

Алғашқы компьютерлер «компьютер» және «ЭЕМ» атауларында көрініс тапқандай, тек есептеулер үшін жасалып шыққан болатын. Ең қарапайым есептеу машиналары есептеу үдерістерін аса жылдамдатып, адамдарға көмекке келді.

Есептеулерден кейін компьютерлер үлкен көлемді ақпаратты электрондық түрде сақтау үшін қолданыла бастады. Ондай ақпаратты арнайы ақпараттық өнімдерде –дерек қорларында орналастырады. Осындай дерек қорлары үшін қосымша құрылғыларды қосуға болатын күрделірек компьютерлер қажет.

Компьютерді қолданудың келесі қадамы — әртүрлі құрылғыларды басқару. Бүгінгі құрылғылардың көпшілігінің құрамында ішкі енгізілген компьютерлер бар, мысалы, ұялы телефондар, дүкендердегі кассалық аппараттар, әртүрлі есеп айыру құрылғылары.

Компьютердің түрлері

Қазіргі кезде компьютерлерді өнімділігі мен мөлшеріне қарай әр түрге бөлуге болады.

 

Суперкомпьютерлер арнайы мақсатта немесе нақты тапсырыспен жасалады. Суперкомпьютер жаппай өндірілетін детальдардан құралады. Басқаша айтқанда, дайын детальдар жиынынан қатаң анықталған міндеттерді орындайтын компьютер жиналады. Суперкомпьютер үшін әдетте жүздеген процессорлар керек. Суперкомпьютердің орасан зор жедел жады болады, орындау жылдамдығы өте жоғары. Ондай компьютерлер көп орын алады, бір компьютер тұтас бір бөлмені алуы мүмкін. Мұндай компьютерде бір адамның жұмыс істеуі жеткіліксіз болғандықтан әдетте суперкомпьютерде бір мезгілде көп адам жұмыс істейді.

Үлкен компьютерлер. Олар үлкен көлемді ақпаратты сақтауға арналған. Әдетте ол – дерек қорлары, Интернет желісінің әртүрлі қызметтері. Себебі, желі дұрыс жұмыс істеу үшін көп көлемді ақпаратты тез өңдеу қажет. Қарапайым компьютер мұндай ағынды игере алмайды. Үлкен компьютерлер құрылғылар қосылған үлкен шкафқа ұқсайды.

Компьютерлік желілердің орталық торабы болып табылатын үлкен компьютерлерді серверлер деп атайды. Серверлерде желіге қосылған барлық компьютерлер пайдалана алатын ақпарат сақталады. Сервер бүкіл желінің сенімді жұмысын, дерек қорлары мен басқа да ақпараттың бұзылмай сақталуын қамтамасыз етеді.

Дербес компьютер – ол бір адам басқа компьютерлерден тәуелсіз, жеке қолдана алатын компьютер. Дербес компьютерлер үстел үсті, алып жүретін, алақан компьютерлері болып бөлінеді

Үстел үсті компьютері – үйде немесе офисте ең жиі қолданылатын компьютер. Ол монитордан , жүйелік блоктан және пернетақтадан тұрады.

Алып жүретін компьютерді ноутбук деп те атайды. Кішкене мөлшерлі ноутбуктерді нетбуктер деп атайды. Дербес компьютерлердің ішіндегі мөлшері ең кішісі алақан компьютері.

Компьютердегі тәжірибелік жұмыс

А деңгейі

Интернет желісінен суперкомпьютерлер туралы ақпаратты тауып, оқып- біліңдер.

В деңгейі

Мәтіндік редакторда берілген тақырыптың біріне хабарлама жазыңдар («Компьютерді қолдану», «Компьютердің түрлері» ).

С деңгейі

Өздеріңе белгілі программалардың бірінде «Компьютердің түрлері» сызбасын сызыңдар.

Қорытынды

  1. Компьютер деген не ?
  2. Компьютер қандай функцияларды орындайды ?
  3. Компьютер программасыз амалдар орындай ала ма ?
  4. Қандай компьютерлік программаларды білесің ?
  5. Компьютер қайда және қалай қолданылады ?
  6. Компьютердің қандай түрлері болады ?
  7. Дербес компьютердің түрлерін атаңдар

 

Үйге тапсырма  ІІ тарау § 5 тақырыбын оқу , тестке жауап жазу.