Әдеби кештің тақырыбы: “Туған жер – киесі, Дархан дарын — иесі” Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби кеш

707

Әдеби кештің тақырыбы:
“Туған жер – киесі,
Дархан дарын — иесі”

Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған
әдеби кеш

Кештің мақсаты:

Білімділігі: Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен

шығармашылығына тоқтала отырып, өнегелі

өмір жолы мен шығармашылық мұраларының

өміршеңдігін ұғындыру.

Дамытушылығы: Оқушылардың эстетикалық сезімін

ояту, көркем сөз оқу шеберліктерін

арттыру.

Тәрбиелігі: Туған халқымыздың әдебиетін тереңірек

тануға, оны сүюге, қадірлей білуге

дағыландыру.

Көрнекілігі: Ә. Кекілбайұлының портреті, кітаптар мен

баспасөз материалдары бойынша  көрме,

жазушы туралы лебіздер мен пікірлер,

Сұлтан Оразалының  «Жазушы Әбіш

Кекілбайұлы» тақырыбында  фильмі,

интерактивті тақта.

Кеш барысы:

Жүргізуші:

             Құрметті ұстаздар мен оқушылар, бүгінгі кешке қатысушы қонақтар!

             Маңғыстаудың киелі топырағанан түлеп ұшқан, барша Қазақстан Республикасы аймағында келісі ерек, болмысы жаңа, мерейлі, береке бітімі ерекше, ел тарихында айрықша ауқымды ардақталатын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сарабдал саясаткер, қарымды да толымды Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған “Туған жер – киесі, Дархан дарын — иесі” атты әдеби кешімізді ашуға рұқсат етіңіздер.

 

Жүргізуші:
Әдеби кеш үш бөлімнен тұрады:

1. “Әсем сөзі құс боп шарлап жер – көкті…”
(әдеби — сазды бағдарлама)

2. “Ұлы сүрлеудің мұрагері”
(сұрақ-жауап бөлімі)

3. “Тарихтың алтын арқауы”
(драмалық шығармадан көрініс

Кіріспе сөз:

            Дәуірдің кеменгер қаламгері әдебиет атты мұхиттың буырқанған жағасына өлеңмен келіп, кейінен әлемнің назарын өзіне аудартқан шебер жазушы болады.

            Әбіш Кекілбаев табиғи талантынан бастау алған әлемдік әдебиеттің небір інжу-маржанынан сыр арқауын тартқан шығармасымен, елінің ертеңіне сарабдал ой тастап, бүгінгісіне шеберлікпен талдау жасаған саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық парызы биік, телегей талант иесі екендігімен мәлім.

Сұлтан Оразалиннің “Жазушы Әбіш Кекілбайұлы” фильмінен Әбіштің өмір жолынан үзінділер көрсету.

Әбіш Кекілбайұлының “Біздің бала шағымыз” өлеңі мәнерлеп оқылады.

Мына біздер конфет таңдап бірауық,

Үлкендердің алған жоқпыз мазасын.

Біздер емес ерке бала жылауық,

Көкесінен тартқан талай сазасын

                                   Дей алмаймыз: Күні бойы доп қуып,

                                   Көк қойнына күміс шарлар самғаттым.

                                   Онда елдің омырауын от жауып,

                                   Жетпеді ұлтан етігіне солдаттың.

Төбемізге талай қатер төнген-ді

Жатқанда ажал ат ойнатып, дауыл сап.

Түсімізге қоса қабат енген-ді

Көкеміз бен күрең қызыл бауырсақ.

1 – оқушы:

Ағашты, Онды, Мырзайыр менен Басқұдық

Берсем соның бәрін тізіп басқа ұрып

Туған жердің қымбат дейді тасы да

Қайран сол бір балалық шақ, шат қылық

2 – оқушы:

Ет бауырды кетті өмір де езілтіп,

Өн бойына жұғыпты төзімділік.

Жаратылыс қыр – сырын бағымдады,

Туған жердің тау – тасын кезіп жүріп.

Әбіш Кекілбайұлының“Туған жер” өлеңі мәнерлеп оқылады.

Ән: Көмек Ыбыраев “Туған жер”

3 – оқушы:

Тұра аларма толғантпай Дала – Дана,

Қалай біткен қасиет – сана сара.

Қазағымның бағындай маңдайының

Қырда туған қияли қара бала.

4 – оқушы:

Соғыс өрті кетсе де әкені алып,

Сәби жүрек қалса да жараланып,

Сәйгүліктер жорытқан сары далада

Сағым қуған өсті ұлан дараланып.

Әбіш Кекілбайұлының “Әке” поэмасынан үзінді мәнерлеп оқылады.

5 – оқушы:

Бұл да атанды бір бала қиян кезген,

Қарайтұғын ойлана қырын көзбен

Басқалардан болыпты бөлегірек,

Болмысына ел тәнті бұла кезген.

6 – оқушы:

Шабады арғымақтар нағыз дара,

Дейтіндей әулиелер «ағыз бала».

Сүйеніп кешті ғұмыр киелерге,

Жанында демеуші боп Абыз –Ана.

Айсәуле ана – парасаттың панасы,

Сол кісіден туған қазақ данасы.

“Әбішжанды ренжіте көрмеңдер”,

Деп аманат етіпті асыл анасы.

Жүргізуші:

    «Алып анадан» деп пайымдаған халқымыз Әбіштің әлем таныған талант, келісті қаламгер толысқан тұлға, ел таныған қайраткер санатына жетуінің түп тіні, алтын арқауы, асыл текті анадан болса керек деп Айсәуле анаға арнап туған жеріне ескерткіш орнатқан болатын.

 

Әбіш Кекілбайұлының “Анама” өлеңі мәнерлеп оқылады.

Жолатпай қыс боранын, жаз аптабын,

Мен үшін қанша өзіңді азаптадың.

Арманның аспанында шықтым шырқап,

Қатайып құшағыңда қанаттарым.

                                   Күндердің өтер менсіз құр күбінтіп,

                                   Хат бармай көңіліңді мың құбылтып.

                                   Ондайда отырмайсың тағат тауып,

                                   Кетеді сағыныштың бұлты бүркіп.

Ойлайтын жаның ылғи бала қамын,

Сағынтты мені қамқор алақаның.

Күте бер жоғалтпай тек тынышыңды,

Оралар қыран болып балапаның

                                               “Еңбек туы” газеті 1 мамыр, 1958 ж

                                               “Жаңа өмір” газеті 28 тамыз, 2009ж

 

7 – оқушы:

Бойыңды шабыт дүлей кернегенде,

Не жетсін құлашты бір сермегенге.

Есімі елеулі боп ел – жұртына,

Жайылып болды мәшһүр жарты әлемге.

8 – оқушы:

Айнымас қарапайым қалпыменен,

Тірліктің кешті ғұмыр парқыменен.

Ұлт пенен Ұлағатты ұластырды ол,

Далама дырдай болған даңқыменен

Ән: «Ұлы Әбіш аға»

Ұрпақтарыңды тамсантқан қымбат жырларың,

Сырға да толы, жырға да толы жүрегің.

Даналарыңдай болмысы да бар өзіңді.

Арысымыз деп, ардағымыз – деп жүр елің               

 Қайырмасы:

Ұлы Әбіш аға,

Жасай бер, жаса.

Қазақтың нағыз шешені,

Дарынды аға

Қазынаң дара

Еңбегің мәңгі елеулі

  1. Көсіле сөйлеп толғаған ділмәр тілімен,

Ел қамын ойлап маржанын ойдың екшеген

Еңбектеріңмен сусындап жатыр бар әлем

Туған тіліңнің таныттың көпке қаймағын.

                 Қайырмасы:

  1. Алты алашқа да атыңыз мәлім марғасқа,

Қазақ елін сен көтере берші асқарға

Ғұмырыңызда тірліктің түрлі ақпары.

Тәуелсіз елдің төрінде мәңгі жарқыра,

9 – оқушы:

Төккен шақта әуелі жыр көпір ғып,

Құдіретті тәңірлі күрт өкім ғып.

Ұлы жолдың басына айналыпты

«Алтын шуақ» көмкерген, “Бір шөкім бұлт

10 – оқушы:

Қойнауынан тарихтың алып кіріп,

Құпия сырларына қанықтырып.

Кеткендей сәулесімен жан сарайды

«Үркер» мен  «Елең — алаң» жарық қылып

                   11 – оқушы:

Теңсіздікті адамға дұшпан аты,

Теже, — дейтін ұрпаққа нұсқа хаты-

«Шыңыраудың» тұңғиық тереңдері

Тіршіліктің сарқылмас қазынасы

Әбіш Кекілбайұлының “Шыңырау” өлеңі мәнерлеп оқылады

Темірхан Медетбековтың «Шыңырау»

 (Әбіш Кекілбаевқа арнау) өлеңі оқылады.

 

12 – оқушы:

Тізгіндеген шақтарда ой – алыпты,

Заманның сырлары сұхбат құрды.

«Ұйқыдағы арудың оянуы» деген атпен

Туған өлке туралы жазылыпты.

13 – оқушы:

Айналдырған ұлылық қорғанына

Талантыңыз орман ба, ордалы ма.

Бірге түлеп заманымен құйылыпты.

Құнар қосып «Дүние ғапыл» жырлана

Ғалым Әріптің “Әулиелер әлдиі” өлеңі мәнерлеп оқылады.
 Ә.Кекілбайұлына арнау

14 — оқушы

Маңғыстау маңғаз көрінер биік қырқадан,

Бұл күнде жатыр өзіңе арнап маң далаң.

“Құсқанатынан” құйылған дария нөсердей,

Ата-дәстүрді сақтауды әр кез аңсаған

15 – оқушы:

Бақыт кейде десек те азапты нұр,

Өмір сізге сыйлаған ғажап ғұмыр.

Таңдамалы, томдардағы еңбегіңмен

Көтердіңіз биікке қазақты бір.

 

16 – оқушы:

Жүректерді жылытса жан шуағы,

Көңіл кілті біліммен ашылады.

Нұр шашсын деп әлемге сыйға тартқан,

Секілдісіз Маңғыстау шамшырағы.

 

                         17 – оқушы

Тілдескеннің бәрін де табындырған,

Биіктесін мәңгіге алып тұлғаң.

“Сыр — десте” мен “Ай — ана” жинақтары

Шежірелі тілінен бал тамызған

Қазақ биі: “Көркем”

Әбіш Кекілбайұлының өмірінен

Әбіш Кекілбайұлының шығармасынан

Әбіш Кекілбайұлы туралы лебіздер

 

“Тарихтың алтын арқауы”
Көрініс
«Абылай хан» халықтың қаһармандық драмалық дастанынан үзінді.
Абылай – қазақ ханы
Диуана – дәруіш
Кейуана (Бұхар) – халық жырауы
Жасауылдар (әлеумет)

Жүргізуші:
Маңғыстау білсең кешегі,
Әулиелердің төсегі.
Кекілбайұлы Әбішің,
Қазақтың асқан шешені.
Атадан асыл ұл туса,
Белгілі бақыт деседі, — деп, жерлес ақын Сайын Назарбекұлы айтқандай, сөзге шешен көркемдеп сөйлеудің зергері, киелі топырақта қанат қаққан, халқымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбайұлының қалыптасу, толысу, кемелдену жолдарының өзі өзгеге еш ұқсамаған өз ауқым, әлемі барлығымен  де ерекшеленеді.

Қорытынды сөз:
ХХ ғасырдың таңдаулы жазушыларының бірі — Әбіш Кекілбайұлының өмірінің кең айдындағы белестері шалқар шабыттың, сезімтал да зергек сезімнің, терең де ғұлама ойдың, түйіні толысқан, шешімі келіскен тұжырымның, жаңылмас бағдардың биігі болғай!

Жүргізуші:
Бала кезің ұлағат, дана кезің,
Тырнап ашқан сен едің сана көзін.
Кәрі дала сан ғасыр толғатқанда
Тек Маңғыстау туа алған Дарабозым! – дегендей, қасиетті Маңғыстаудың төл перзенті, қазақ әдебиетінің маңдай алды өкілі, қара сөздің сұңғыла сүлейі Әбіш Кекілбайұлына арналған “Туған дала – киесі, Дарқан дарын — иесі” атты әдеби кешімізді аяқтаймыз.

Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін рахмет