Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді.

385

Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді.

 

Мақсаты: Оқушыларды кішіпейілділікке, үлкенді сыйлауға, оларға көмек көрсету ;

Жақсы мен жаманды айыра білу, оқыған, көрген-білгендерін дұрыс ұғынып, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білу ;

Әдептілікке, үлкен-кішіге үнемі сәлем беруге үйрету.

Көрнекілігі: суреттер, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тірек-сызба , А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин суреттері.

Пән аралық байланыс: ана тілі, қазақ тілі,

Сабақтың барысы :

І . Ұйымдастыру кезеңі

 

Кең дәурен, қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз.

Күншілдіксіз тату бол, шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.

Бір жерде бірге жүрсең, басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле, сөзін тосып,

Біріңді-бірің қадыр тұт, құрмет етіс.

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Мұғалім сөзі: Біз бүгінгі «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» атты ашық тәрбие сағатымызды  осылай Абай атамыздың өлеңімен бастауды жөн көрдік. Өтілгелі отырған тәрбие сағатымыз 4 бөлімнен тұрады :

І-бөлім – «Сәлем – сөздің анасы»

ІІ-бөлім – «Аталар сөзі – ақылдың көзі»

ІІІ-бөлім – «Тәрбиелі адам – тағалаған атпен тең»

ІҮ-бөлім – «Халық айтса, қалт айтпайды» деп аталады.

І-бөлім – «Сәлем – сөздің анасы»

1-оқушы

Ақыл – жастан, асыл – тастан

Шығады деп дарынды,

Халық айтса, халық сөзі

Әрқашан да нанымды.

Сол өнердің жолын қуған

Осы сынып атынан

Қабылдаңыз шын жүректен

Сәлем сізге жалынды .

2-оқушы

Алдымыздан кезіккен

Көп танысты көреміз

Бәріне де ізетпен,

Біздер сәлем береміз:

  • Сәлеметсіз бе, ағай !-деп,
  • Сәлеметсіз бе, апай !-деп,
  • Есенсіз бе, әжей !-деп,
  • Амансыз ба, атай !-деп,

Хормен : Ұл-қыз сәлем береміз, өнегелі өренбіз.

3-оқушы

Мен жолымды берейін, өт қарағым,

Несін күттің, несіне көп қарадың,

Анасының бергенін саған берген,

Аруағынан айналдым текті ананың.

Жалған-ай, жарасымды-ау ізет деген,

Иілген «сіз өт» пенен «біз өт» пенен

Қасиетін халқының сыйламайды,

Атасының дәстүрін күзетпеген.

4-оқушы

Десек те, жаңа өмір, жаңа заман,

Жақсы ғой, бірін бірі бағалаған

Түйсіксіз тайлақтардан сақта құдай,

Тайраңдап, алды-артына қарамаған.

Қарағым, ата-бабаң момын халық,

Өтіпті бір-бірінің жолын бағып,

Өсиетін бабаңның орындай сал,

Одан ешкім кетпейді тоныңды алып.

5-оқушы

Атам менің әманда,

Әдепті жан бол деген.

Ата сөзі санамда,

Жасы үлкенге жол берем.

Алдын орап кісінің ,

Кесіп өтпей, көлденең

Ізетімен кішінің ,

Сәлемдесіп қол берем.

6-оқушы

Атам менің әманда

Кішіпейіл бол деген.

Ата сөзі санамда ,

Мақтанбауды жөн көрем.

Өзгелерден өзімді

Санамаймын жоғары.

Артық айтып, сөзімді,

Желпінгенім жоқ әлі.

7-оқушы

Анам маған – үлкенді сыйла – деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілікті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем.

8-оқушы

Су құйдым да құманмен,

Қолына мен әкемнің

Содан кейін оған мен,

Орамалды әпердім.

9-оқушы

Дастарханның басында

Әдептен біз озбаймыз.

Үлкендердің қасында,

Қолды бұрын созбаймыз.

10-оқушы

Тамақ ішер кезде біз,

Сөйлемейміз, күлмейміз.

Астан басқа өзгені,

Елемейміз, білмейміз.

11-оқушы

Кім үлкенді сыйласа,

Кім үлкенді тыңдаса,

Сыйлы болар өзі де,

Үлкен болған кезінде.

12-оқушы

Сыйлап сәлем береміз,

Көршілерді көргенде.

Ізетті деп білеміз,

Үйге қонақ келгенде

Әдепсіз деп сөкпесін,

Анама айтып өкпесін.

ІІ-бөлім – «Аталар сөзі – ақылдың көзі»

1-оқушы

Әр адамда өз анасынан басқа –

Болу керек құдіретті төрт ана,

Туған жері – түп қазығы айбыны,

Туған тілі – сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр – салт санасы, тірегі,

Тағдырына шуақ шашар үнемі.

2-оқушы

Уа, ағайын, туыс, халайық !

Өткенге көз салайық !

Атаның жолы – дағды бар,

Содан ғибрат алайық !

Ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлық, тамаша тәлім-тәрбие берерлік өсиет сөздері өте көп.

3-оқушы

Таза мінсіз асыл сөз –

Ой түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл тас –

Су түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас –

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз –

Шер толқытса шығады.

4-оқушы

Қол бастау қиын ба,

Жол бастау қиын ба,

Сөз бастау қиын ба,

Қол бастау қиын емес,

Көк найзалы ерің болса,

Жол бастау қиын емес,

Соңыңнан ерген елің болса,

Бәрінен де сөз бастау қиын,

Тауып айтсаң мереке қылады,

Таппай айтсаң келеке қылады.

5-оқушы

Ақыл – аздырмайтын ем,

Білім – таусылмайтын кен,

Адамның басшысы – ақыл,

Жетекшісі – талап,

Шолғыншысы – ой,

Жолдасы – кәсіп,

Қорғаны – сабыр,

Қорғаушысы – мінез болуы керек.

6-оқушы

Әділ төре ел бастар,

Батыр жігіт жау бастар,

Аға жігіт қол бастар.

Шешен адам сөз бастар.

Құсты жисаң, бүркіт жи,

Қыс тоныңды түлкі етер.

Бір жақсымен дос болсаң.

Азбас-тозбас мүлкі етер,

Бір жаманмен дос болсаң,

Күндердің күні болғанда

Күллі әлемге күлкі етер.

Көрініс . «Байлық пен ақыл» ертегісі.

Орындаушылар : Автор , Қарт , 1 ұл , 2 ұл, 3 ұл, 4 ұл

 

Автор:  Ертеде бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап, былай депті :

Қарт : Мен қартайдым, біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол мұрагерім болады. Әрқайсың маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер,

Автор: Үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп,

1 ұл: Міне, менің байлығым, ал, кім бай болса, сол ақылды.

Автор: Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де

2 ұл: Мені осы түрімде көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді.

Автор: Үшінші ұлы күміспен және асыл тастармен әшекейленген белдігін буынады да

3 ұл: Мұндай белдікті, ешкім ешқашан буынып көрген жоқ…

Автор :  Әкесі үлкен балаларына қарап, басын шайқайды да, ең кіші ұлына қарап

Қарт:  Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың ?

Автор:  Сонда кенжесі былай депті

4 ұл: Менде асыл тасты жүзік те, сәнді киім де, қымбат тастармен әшекейленген белдік те жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат-жігерге толы жүрегім бар.

Автор:  Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері болады деп кіші ұлын атапты. Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.

 

ІІІ-бөлім – «Тәрбиелі адам – тағалаған атпен тең»

1-оқушы

Қазақ тәрбиені амандасудан, есен-сау сұрасудан бастаған. Кейбір егде адамдар «Ассалаумағалейкум» дегенінен-ақ кім екеніңді білдім» деп жатады. Бұл кездейсоқ айтыла салған сөз емес, олай болса, мәнісіне үңіліп көрейік.

2-оқушы

Біріншіден, сәлем берген кісінің дауысының шығуын, сәлем беру ырғағын байқайды. Екіншіден, сәлем бергенде өзіңді қалай ұстайсың, қалай тұрасың. Үлкендер осының бәріне де назар аударады, сынайды.

3-оқушы

Үлкеннің алдындағы сәлемің, басшымен амандасу, қол қысысың дабірталай нәрсені аңғартады : егде кісінің не жас баланың қолын қаттырақ қысып жіберсеңіз, дөрекілігіңіз бірден көрінеді.

4-оқушы

Сіз амандасып болғанша, сәлем алушы үсті-басыңызға қарап та үлгереді, киіміңіздің өзіңіздің жас мөлшеріңізге жарасымды, жарасымсыз екенін де байқайды. Осылардың бәрін ой елегінен өткізе келіп, сен туралы белгілі пікір түйеді.

5-оқушы

Жалпы сәлемдесу мәдениеттің сырт көрінісі болып көрінгенімен, адамның ішкі мәдениетін де біраз көрсетіп тастайды. «Сәлеміңнен жаңылма», «Сәлемің дұрыс болсын» деген талаптың өзі –ақ сәлемдесу мәдениетінің, адамгершіліктің белгісі екендігін анықтап тұрғандай.

6-оқушы

Қазекем сөзінің төркініне қарап-ақ кімнің кім екенін, оның адамгершілік өресін жазбай таныған. Ұрпақтарын небір қиын, түйінді істерді, дау-шараларды байыппен, ақылмен шешу арқылы тәрбиелеген.

7-оқушы

Көбінше айтылар ой – сыпайы, сырлы сөзбен, астарлы мағынасымен жеткізілген. Халқым қандай биікке шықсаң да, қуанышқа бөленсең де, асқақтамауды, аспандамауды, жалпы күпірлік жасамауды ұнатқан.

8-оқушы

Сондықтан да  : «Биіктеп кетсең, құлау бар, Қуанып кетсең, жылау бар» — екендігін әрдайым кімнің де болса, жадында сақтауын талап еткен. Онымен қоса : «Қолыңда Сүлеймендей қуат болса да, қылдырықтай құмырсқаға қиянат қылма», «Жазасын тартпайтын жамандық болмайды» дегенді ескерткен.

9-оқушы

Халқымыз өте жоғары бағалаған қасиеттің бірі – кішіпейілділік.  Кішіпейіл кісіні барлық жерде сыйлаған, дәріптеген, қасиеттеген, үлгі тұтқан.

10-оқушы

«Кішіпейілділік – кішілік емес, кісілік қасиет», «Кішіпейілділік – кісінің көркі», «Кішіпейілділіктен кішіреймейсің», «Ұлық болсаң, кішік бол» осы сияқты нақылдар халқымыздың кішіпейілділікті қаншалықты қастерлегендігін айқын байқатады.

Көрініс  «Аталар өсиеті»

Орындаушылар : Жігіт, 1-қарт, 2-қарт, 3-қарт

Жігіт: —  Ассалаумағалейкум  !

1-қарт: — Аманбысың балам ! Балам, бақытты болу оңай ма ?

Жігіт: Ата, жары жақсы болса, бақыты  жанында.

1-қарт: Жоқ, балам, ақыл басында болса, бақыт жанында болады. Ақыл адамды азаптан да мазақтан да құтқарады.  Балам, үйде кім, елде кім қадірлі ?

Жігіт: Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі.

1-қарт: Жоқ, балам, үйде, қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала – үйдің патшасы, балалы үй – базар, баласыз үй – мазар.

2-қарт Балам, үйдегі алтын қазық кім ?

Жігіт: Ата , үйдегі алтын қазық – бала.

2-қарт: Жоқ, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға, әке тәрбиесі қызға үлгі. Ана – ақылшың, әке – қамқоршың, анаң – қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың – қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі – көзінде, ықыласы – көңілінде, ақылы – сөзінде.

3-қарт: Балам, достықты нығайтатын не ?

Жігіт: Ата, достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.

3-қарт: Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын, шын достық ақылдыға тән. Өмірде дос болуды ойласаң «Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұқсат па» деген сөзді шын көңілмен айтуға үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Жөн сөз – көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді.

Жігіт: Рахмет, сіздердің ғибрат аларлық сөздеріңізді есте сақтаймын !

 

ІҮ-бөлім – «Халық айтса, қалт айтпайды»

1-оқушы: Қазақ күнделікті тұрмыс-тіршіліктің, қарым-қатынастың барысында-ақ жастарды әдептілікке, инабаттылыққа, кішіпейілділікке, сыпайылыққа, мейірбандылыққа және де басқа толып жатқан жақсы қасиеттерге баулыған.

2-оқушы : Мысалы, халқымыздың жас ұрпаққа бағыштап айтылған «оттан аттама», «суға дәрет сындырма», «нанды аяққа баспа», «кісіге қарай керілме», «табалдырықты басып тұрма», «құдыққа түкірме», «үлкеннің сөзін бөлме», «кем-кетікке күлме» деген сияқты қысқа да нұсқа сөздерінде қандай зор өнегелік мән мағына жатыр десеңізші.

3-оқушы : «Осылай жасама, жаман сөз айтпа, дұрыс емес» осы сөздердің жауабы – жаман боладымен аяқталып отырған. Осындай ырым-тыйым сөздерінің түсініктемесіне көңіл қойсақ

4-оқушы : Балаға ми жеуге болмайды, себебі, мидай былжыр, ынжық боп өседі деп тыйым салған.

5-оқушы : Жас балаға бұғана ұстатпаған, себебі баланың бойы өспей қалады.

6-оқушы : Балаға омыртқаның жұлынын жегізбеген, суға кетіп қалады деген жаман ырым бар.

7-оқушы: Қойды аттама – ол киелі мал, меккеге барған деп аттауға тыйым салған.

8-оқушы : Итті теппе, себебі, ит – жеті қазынаның бірі, берекең, ырысың кетеді деп ырымдаған.

9-оқушы : Жақын адамға мылтық, пышақ сыйлама – жақын туыстың, ағайын адамдардың арасы суып кетеді.

10-оқушы : Жақын адамнан иттің күшігін алма, итше ырылдасып өтесің.

11-оқушы: Бетіңді баспа, қайғылы адам бетін басады.

12-оқушы: Тұзды баспа, астың иманы, төресі деп киеліге санайды.

13-оқушы: Отқа түкірме, сол үйдің оты өшсін, иесіз қалсын деген мағына.

14-оқушы : Бұл арада ата-бабаларымыз жастарды әдептілікке, имандылыққа ізеттілікке үндесе, ал «Ел-жұртыңды сыйлай білсең – сыйлы боласың», «Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар», «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі»,  «Жәбір көрген болсаң да, жәбір бергеннен болмаған жақсы», «Біреу саған жамандық жасаса, сен оған жақсылық жаса» деу арқылы ел-жұртты сыйлауға, адам баласына жаманшылық істемеуге, жәбірлемеуге, алдамауға үндеген, жақсылық істеу – адамның биік парызы екендігін білдіреді.

 

Көрініс . «Таза бұлақ» ( авторы : Ы.Алтынсарин)

Орындаушылар : Автор, 1-жолаушы, 2-жолаушы, 3-жолаушы .

Автор: Бір бұлақтың басында үш жолаушы бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шығып жатыр екен. Айнала қалың ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгілген, суы мұздай салқын, шыныдай мөлдір, өте таза бұлақ екен. Бұлақтың қайнап жатқан көзіне жақын, қазандай бір қара тасты қойыпты да, тасқа : «Ей, Жолаушы, болсаң, осы таза бұлақтай бол !» — деп жазыпты. Үш жолаушы бұлақтан шөлдері қанғанша су ішеді, тастағы жазуға көздері түседі. Сонда бір жолаушы тұрып былай дейді :

1 жолаушы: Бұл жазылған ақыл сөз екен. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп үлкейеді. Бұған жол жөнекей кішкене бұлақтар қосылып, үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мынадай ғибрат алуға болады. Сондай адал қызмет қыл, еш үақытта жалқауланып, тоқталып қалма. Сөйтсең сен де үлкейіп, мұратыңа жетесің дегені деп білемін.

Автор : Сонда екінші жолаушы басын шайқап,

2 жолаушы: Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаныңыздан гөрі тереңірек соқса керек : бұл бұлақ кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанда салқындатып, рахаттандырады. Сусағанның шөлін қандырады. Онысы үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Олай болса, бұл «біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе» деген ақыл болады.

Автор: Жолаушының үшіншісі – көркем жас жігіт үндемей тұрды. Жолдастары : «Сен не ойлайсың ?» — деп сұрады. Жігіт айтты

3 жолаушы: Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді. Бұл бұлақтың суы бір орнында тынып тұрыпшөп-шалам түсіп, лай қиқым болса, адамнан гөрі айуан ынтық болар еді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін бұған адам ынтық. Олай болса, бұл жазудың мағынасы мынау : көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң : күн түссе, күннің шөп түссе, шөптің сәулесін көреміз. Ендеше көңілің сол сияқты сыртқа ашық көрініп тұрсын деген ғой деймін.

Сабақ соңында ұлы ақын Абай атымыздың «Адам болам десеңіз» атты өлең шумақтарымен аяқтамақпыз.

1-оқушы

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба

Ойнап босқа күлуге

Бес нәрседен қашық бол

Бес нәрсеге асық бол

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

2-оқушы

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз.

Жамандық көрсең нәфрәтлі

Суытып көңіл тыйсаңыз.

Жақсылық көрсең ғибрәтлі

Оны ойға жисаңыз,

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз.

3-оқушы

Болмасаң да ұқсап бақ

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп

Айтпа ғылым сүйсеңіз

Сізге ғылым кім берер

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз

4-оқушы

Мұны жазған кісінің

Атын білме, сөзін біл,

Осы жалған дүниеден

Шешен де өткен не бұлбұл,

Көсем де өткен не дүлдүл,

Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл-мизан, өлшеу қыл,

Егер қисық көрінсе,

Мейлің таста, мейлің күл.

Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап құлаққа іл.

5-оқушы

Ақымақ көп, ақылды аз,

Деме көптің сөзі бұл.

Жақынның сөзі тәтті деп

Жақыным айтты дей көрме

Надандықпен кім айтса,

Ондай түпсіз сөзге ерме,

Сізге айтамын , қаупім – бұл.

6-оқушы

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі тұл.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма.

Шын сөз қайсы біле алмай,

Әр нәрседен құр қалма.

Мұғалім сөзі : Осы өлеңдегі бес асыл іс пен, бес дұшпанды атап, жазып көрсетейікші.

/оқушыларға тақтадағы схема бойынша орналастырып жазғызу/

Қорытындылау. Әдептілік, тәрбиелілік – асыл қасиеттер. Адамдарды бір-бірінен осындай жақсы қасиеттері арқылы бағалайды. «Жақсы бала – ата-анасының есіктегі басын төрге, жаман бала – төрдегі басын есікке сүйрейді» деген халық нақылын есте әрдайым ұстаңдар деп сабағымызды аяқтаймыз.