Велосипедке қойылатын техникалық талаптар. Велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар.

497

Тақырыбы: Велосипедке қойылатын техникалық талаптар. Велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар.

Мақсаты:

а)оқушыларға велосипедке қойылатын техникалық талаптар және   велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар туралы түсінік беру;

ә) оқушылардың танымдық көзқарасын, зейінінің тұрақтылығын дамыту;

б) өмірге деген құштарлықтарын арттыру.

Түрі: аралас сабақ

Әдісі: көрсету, түсіндіру, әңгімелеу

Көрнекілігі: суреттер, газет қиындылары, нақыл сөздер

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

а) амандасу, түгендеу

ә) сабаққа даярлық

ІІ. Үй тапсырмасы: Жаяу жүргіншілерге қатысты қандай ереже талаптарын білесіңдер?

ІІІ. Жаңа сабақ

а) Жаңа сабақ тақырыбы мен мақсатын таныстыру

ә) Жаңа сабақ материалын меңгерту

Мұғалім: — Енді, балалар, қаламдарыңды орнына қойып, кеуделеріңді, бастарыңды көтеріп түзу отырыңдар. Мен сендерге велосипедке қойылатын техникалық талаптар және   велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар туралы түсінік беремін. Зейін қоя қарап, тыңдай отырып, жаңа мағлұматтарды естеріңе сақтай отырыңдар.

«Велосипед» француз сөзі. Ол «желаяқ» деген ұғымды білдіреді.

Велосипед көліктің бір түрі, ал велосипедші  — оны жүргізуші болып есептеледі. Сондықтан ЖЖЕ-де велосипедшілерге арналған арнайы тарау бар. Ол «Велосипед және велосипедшілерге  қойылатын техникалық талаптар» деп аталады. Мысалы, ЖЖЕ-сі аспалы двигателі жоқ велосипедпен жасы 14-тен асқан балалардың ғана жолға шығуына рұқсат етеді. Ал 2 не 3 доңғалақты, двигателінің жұмысы 50 см. кубтан көп емес, жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспайтын көлік түрлерін 16 жастан асқан жасөспірімдер пайдалана алады.

ІҮ.Сабақты бекіту

  • Интербелсенді тақтада велосипедке қойылатын талаптар.
  1. Велосипедте қоңырау және алдыңғы жағында қараңғы түскенде пайдаланатын, динамика күшімен жанатын фонары, арт жағында – сәуле шағылысатын қызыл пластмасса белгі жапсырылуы тиіс.
  2. Аяқ тежеуішінің ақаусыз болуы, оны ауық-ауық тексеріп тұру қажет.
  • Интербелсенді тақтада велосипедшілерге қойылатын талаптар.
  1. Велосипедшілер жолдың шетінен 1 м қашықтықта және 1 қатармен ғана жүре алады. Бұл қағида тоқтап тұрған көлікті басып озу кезінде ғана бұзылады.
  2. Велосипедшілерге жаяу жүргінші жолымен жүруге болмайды.
  3. Рульді бос жіберіп жүруге тыйым салынады.
  4. Велосипедті еркін басқаруға кедергі келтіретін көлемі үлкен заттарды алып жүруге болмайды.
  5. Арнайы жабдықталмаған велосипедпен балаларды міңгестіріп жүру де қауіпті.
  6. Сол жаққа бұрылатын немесе кері айналатын велосипедші оны жаяу жетектеп, өзіне керек жаққа шыққан соң оған қайтадан мінгені дұрыс.
  7. Велосипедшілер топталып жолға шығатын болса, өздері жүретін бағдармен алдын ала танысып алуы қажет.
  8. Басқа көлік жүргізушілері оларды тез байқауы үшін ашық түсті киім кигені дұрыс.
  9. Алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсетуге арналған медициналық қобдишаны да ұмытпау керек.
  10. Топталып жүргенде бір-біріне жақын, бір тізбекпен, жолдың оң қапталымен жүрген жөн.
  11. Ең дұрысы – алдыңғы және соңғы велосипедке қызыл жалауша іліп алу.
  12. Топ болып жолға шығуға күн жарықта ғана рұқсат етіледі.
  13. Тежеуіші жақсы істемейтін велосипедпен жолға шығуға мүлде тыйым салынады.
  14. Арнайы салынған велосипед жолының мүмкіндігі жараса, онда бірнеше қатар түзіп жүруге болады.
  15. Ал қарсы жақтан басқа велосипедшілер келе жатса, онда оң қапталмен 1 тізбек болып жүру керек.
  16. Топ басшысы болуға тиіс. Ол ылғи топтың алдында жүріп, қалғандарына бақылау жасайды.
  17. Реттелетін көше қилысына топталып келгенде, бағдаршамның жасыл жарығына өту керек.
  18. Реттелмейтін көше қилыстарына таянғанда, басқарушы көлденен көшеде көліктердің жоқтығына көз жеткізіп, алдын ала жалаушасын көтеру арқылы топты өткізіп жібереді де, соңынан қуып жетеді.
  • Интербелсенді тақтада велосипедшілер бұрылар кезде қандай белгі көрсетуі тиіс?
  1. Кедергіні айналып өтерде, басқадай қауіп жоқтығына көз жеткізуің керек немесе сол қолыңды жаныңа соз немесе оң қолыңды шынтақтан жартылай жоғары көтер. Бұлайша белгі беру велосипедшіні жауаптан құтқармайды. Ол мұның бәрін алдын ала, жан-жағы анық көрінетін жағдайда жасауы тиіс.
  2. Оңға бұрыларды немесе қатарға тұрарда жаныңа қарай оң қолыңды соз не сол қолыңды жартылай шынтақтан жоғары көтер.
  3. Тоқтар кезде қолың жоғары көтерілген қалыпта болсын. Қауіпті жерлерден өтерде велосипедтен түсіп, оны жаяу жүргіншілер өткелінен алып өтуге болады.

Ү. Сабақты қорытындылау

  1. Велосипедті шығар алдында тексеріп алу. Велосипедті бойыңа қарай іріктеп алу.
  2. Велосипедтегі ақаулар және оларды жою.
  3. Велосипедшілер үшін жасқа қарай шектеулер.
  4. Жүргін бөліктегі қозғалыс тәртібі.
  5. Маневр жасау, реттелмейтін көше қиылыстарынан жүріп өту ережелері.
  6. Велосипедші жолдың әр бағытында екі жолақтан болған жағдайда велосипедтен түспей кері бұрылуға құқығы бар ма?
  7. Велосипедші қозғалыс бағытын өзгертетіні туралы әрқашан ескерту белгісін беруге тиіс пе?
  8. Жүк тасымалы ережелері.

ҮІ.Бағалау

ҮІІ.Үй тапсырмасы:

  1. Қанша жастан бастап велосипедпен жүруге болады?
  2. Жолда жүргенде ереженің қандай талаптарын орындау керек?
  3. Қараңғы мезгілде жүретін велосипедтерге қандай құралдар керек?
  4. Бұрылатын кезде қолмен қандай белгілер беру керек?
  5. Велосипедпен жүруде қауіпті болатын жайларды қалай түсіндіре аласыңдар?
  6. Топ болып жүретін велосипедшілерге қандай талаптар қойылады?