Көп жасушалы жануарлардың құрлысы мен тіршілігі

230

Сабақтың тақырыбы: Көп жасушалы жануарлардың құрлысы мен тіршілігі

Сабақтың мақсаты:    а)Білімділік:   Көпжасушалы жануарлардың  құрлысы

мен   тіршілігін, омыртқасыз жәндіктердің

асқорыту жүйесі және астың қорытылуы

жайлы,  оқушыларға  түсіндіру

                                        ә)Дамытушылық: өз бетінше қорытынды жасауға

дағдыландыру, танымдық  қабілеттерін

дамытып, ізденіске баулу.

                                       б)Тәрбиелік:      Оқушылардың  жануарларға деген

сүйіспеншілігін оята  отырып, тәрбиелеу

 

Сабақтың түрі: Аралас сабақ

 

Сабақтың типі: Жаңа сабақты меңгерту

 

Сабақтың әдіс-тәсілі: Сұрақ – жауап, тірек – сызбалар,  ауызша баяндау

 

Сабақтың көрнекілігі: оқулық,  тірек – сызбалар, интерактивті тақта.

 

Болжамдаған нәтиже: Зерек, жан – жақты ой түйе білетін, ұтымды жауап бере

алатын жеке тұлға.

 

                                                 Сабақтың жоспары

І. Ұйымдастыру кезеңі — (1 минут)

А)  Сабаққа кіріспе (Оқушыларды сабақтың мақсатымен,

жоспарымен таныстыру)

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау-(15 минут)

а) тақырып мазмұнын сұрап шығу (дайындалып келген оқушылардан

сұрау)

ә) Суретпен жұмыс (оқушыларға жасушаның  құрлысын, жануар

жасушасының, өсімдік жасушасының құрлысын ататқызу)

б) «Біліміңді тексер»

г) Қорытындылау

IІІ. Жаңа сабақ — (20 минут)

а) Кіріспе сөз

ә)Жаңа сабақты түсіндіру

б) Қорытынды

ІV. Жаңа сабақты пысықтау — (7 минут)

А) «Кім жылдам» ойынын өткізу (сұрақтар қоя отырып әр сұрақтан оқушылардан жауап алу)

Б) Қорытындылау

  1. Оқушы білімін бағалау – 1 минут

VІ. Үй тапсырмасы – 1 минут

 

 

 

Сабақтың  барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу, түгендеу. Оқушылардың сабаққа қатысуын, сабаққа қажетті оқу құралдарын тексеру. Жаңа сабақтың тақырыбын хабарлап, сабақтың мақсатымен, жоспарымен таныстыру. Оқушыларды жаңа сабақты қабылдауға дайындау.

Мұғалім сөзі:  — «Саламатсыздар ма балалар? Бүгінгі сабақта кім жоқ? Жақсы отыра қойыңыз.

— Ал орналасып болдық па, көңіл – күйлеріңіз қалай? Жарайсыңдар.

— Ал балалар қобалжымай күнделікті сабаққа қажетті құрал – жабдықтарыңызды шығарып, өздеріңізді еркін  ұстаңдар?»

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау: (14 минут)

Мұғалім сөзі: — Ал балалар, жаңа сабағымызды бастамас бұрын, үй тапсырмасына тоқталайық.

— Кәне, өткен сабақта қандай тақырып өттік? Алдыңғы тақырыпта не туралы сөз болды? Тақырып мазмұнындағы ең бастысы не?

— Кәнекей, не туралы айтпақшысың? Әңгімені неден бастайсың?

а) тақырып мазмұнын сұрап шығу (дайындалып келген оқушылардан  сұрау)

— ары қарай кім жалғастырады?

 ә) Суретпен жұмыс (оқушыларға жасушаның құрлысын, жануар жасушасының құрлысын, өсімдік жасушасының құрлысын ататқызу)

— Кәне балалар, кім мына суреттің құрлысын атап береді екен?

І. Өсімдік жасушасы.

1. Цитоплазма; 2. Вакуоль; 3. Ядро; 4. Пластидтер; 5. Қабықша.

Жануар жасушасының жалпы көрінісі

 

ІІ. Жануар жасушасы. 

  1. Сыртқы қабықша; 2. Цитоплазма; 3. Ядро; 4. Митохондриялар; 5. Ядрошық; 6. Цитоплазмадағы нәруыз, көмірсу, май тәрізді заттар.

— Жарайсың, отыра қой

— Ал балалар, енді маған 4 топқа бөлінетін ұлпалардың түрлері және қызметімен  кім таныстырады?

Эпителий ұлпалары.

а) жалпақ эпителий;                                  ә) кірпікшелі эпителий.

Дәнекер ұлпалары.

а) талшықты дәнекер ұлпасы; ә) шеміршек ұлпасы. 1. Шеміршек жасушалары;

  1. Шеміршек ұлпаларына серпімділік беретін, оларды қоршап жататын негізгі зат; 3. Ұлпа талшықтары; 4. Дәнекер ұлпа жасушалары.

Бұлшықет ұлпалары.

а) көлденең жолақты бұлшықет талшықтары;

ә) ұзын салалы бұлшықет талшықтары.

  1. Жасуша ядросы;
  2. Көлденең жолақтар

Нейронның құрылысы.

.

 

— Ал балалар келесі бөліміміз «біліміңді тексер» тақырыбы бойынша мына сұрақтарға жауап берейік.

б) «Біліміңді тексер»  

  1. Ұлпа деген не? Жануарлар ағзасындағы ұлпалардың топтарын атаңдар.
  2. Эпителий ұлпаларының қандай түрлері бар? Бұл ұлпалардың негізгі қызметін әңгімелеңдер.
  3. Дәнекер және бұлшықет ұлпаларының түрлері мен қызметін әңгімелеңдер.
  4. Жүйке ұлпасын түзетін жасушалардың құрылысы мен қызметін қысқаша сипаттап бер.
  5. «Жасуша–ұлпа–мүше–мүшелер жүйесі» тізбегінің біртұтастығын баяндаңдар.

  

— Мінекей балалар, сонымен үй тапсырмасын қорытындылайық.

Қорытынды. Көпжасушалы жануарларда мынандай мүшелер жүйелері қалыптасқан: асқорыту жүйесі, тынысалу жүйесі, қанайналым жүйесі, тірек қимыл жүйесі, бұлшықет-қимыл жүйесі, зәр шығару жүйесі, ішкі секреция бездері, сезім мүшелері.

Ағза – біртұтас тіршілік иесі. Оның құрылымын, тіршілік процестері мен әрекеттерін «жасушалар – ұлпалар – мүшелер – мүшелер жүйесі» тізбегімен жекелеп оқып, зерделеу ағзаны терең түсіну үшін қажет.

 

IІІ. Жаңа сабақ — (20 минут)

 

  • 34. Көпжасушалы жануарлардың құрлысы мен тіршілігі

 

Жаңа сабақ жоспары:

А) Қоректік зат және тіршілік

ә) Омыртқасыз жәндіктердің асқорыту жүйесі және астың қорытылуы

б) Қорытынды

 

 а) Кіріспе сөз.  Қоректік зат және тіршілік

   Кез келген тіршілік иесі сияқты жануар ағзасы де үздіксіз жұмыс істейді. Мұның барысында кейбір жасушалар тозып, бұзылып немесе тіршілігін жояды. Олардың орны дәл сондай жаңа жасушалармен толығып, калпына келеді. Сонымен қатар бүкіл тіршілік процестерінің үздіксіз жүруіне қуат пайдаланылады. Жануар ағзасы мұндай «құрылыс материалы» мен қуатты қайдан алатынын қарастырайық.

Ағзаға қорек болып, оның тіршілігін қамтамасыз ететін, яғни оған «құрылыс материалын» да, энергияны да беретін заттарға нәруыз, май және көмірсулар жатады. Сонымен бірге мұндай материалдарға көптеген минералды тұздарды және суды жатқызуға болады. Осындай заттардан ағза өз денесін құрып, тіршілік етеді.

Нәруыз – мөлшері мен тіршіліктегі қызметі жағынан жасушаның ең маңызды органикалық заты. Нәруыздардың тірі ағзада атқармайтын қызметі жоқ.

Жасуша құрамындағы майлардың мөлшері аз, 5-10%-дан аспайды. Олар да тіршілік процесінде құрылыс материалы, қуат көзі, жасушаны сумен қамтамасыз ететін зат ретінде маңызды рөл атқарады.

Көмірсулар жануар жасушасында 1-5%-дай болады, ал бауыр мен бұлшықет жасушасында көбірек кездеседі:

Көмірсулар (глюкоза, сахароза, т.б.) – ағзадағы негізгі қуат көзі.

Жануарлар дайын органикалық заттармен (өсімдікпен, басқа жануармен және т.б.) қоректенеді. Бірақ қоректің (жемнің, азықтың) құрамындағы нәруыз, май және басқа қоректік заттар ешбір өзгеріске түспей, бірден жануар жасушаларын түзеді, оны «жөндеп», қалпына келтіреді деген қате ұғым тумауы керек. Жануар ағзасында ол заттар ыдырап, ерітіндіге айналады. Сол ыдыраған бөлшектерден жануар ағзасы тек өзіне тән нәруыздарды, майларды және басқа заттарды синтездеп алады.

Бұл заттар ағзаның мүшелеріндегі өз қызметін атқарып тозған, жойылған жасушалардың қайтадан түзіліп жаңаруына жұмсалады. Оларды «құрылыс материалы» деуге болады. Органикалық заттар үздіксіз ыдырағанда үнемі қуат бөлініп шығады. Ол жаңа органикалық заттардың синтезделуіне, тыныс алуға, қозғалуға және т. б. жұмсалады.

 

Қорытынды. Сонымен кез келген ағзаның тіршілік етуі үшін қоректік зат қажет. Сол үшін ағза қоректенеді; оның ағзасында ас қорытылады. Астың қорытылуы – ерекше жолдармен жүзеге асатын күрделі құбылыс. Мұнымен жоғары сыныпта тереңірек танысасыңдар.

ә) Омыртқасыз жәндіктердің асқорыту жүйесі және астың қорытылуы

   Көпжасушалы жануарлардың даму деңгейіне және тіршілік қалпына қарай асқорыту жүйесінің құрылысы әр түрлі. Жәндіктердің асқорыту жүйесінің құрылысын, оның біртіндеп күрделенуін нақтылы түсіну үшін ерекшеліктері айқын көрінетін бірнеше өкілдерін салыстырып қарастыралық.

Бұлардың ең қарапайым құрылысы бар өкілдерінің бірі – гидра (79-сурет). Ол негізінен сулы ортада тіршілік етеді. Дене мөлшері ұсақ. Гидра денесінің пішіні мен құрылысының сызбанұсқалық суретімен танысыңдар. Оның денесі жасушалардың сыртқы – эктодерма, ішкі – энтодерма қабаттарынан тұрады.

 

 

 

 

 

 

Гидраның сыртқы көрінісі.

 

 Гидра және оның құрылысы.

 

Эктодерма қабаты тері-бұлшықет жасушаларынан, атпа жасушалардан, жүйке және аралық жасушалардан түзіледі

Энтодерма қабаты асқорыту-бұлшықет жасушалары мен безді жасушаларда тұрады және ішек қуысын астарлап жатады.

Атпа жасушалар қармалауыштарда орналасады және олардың ішінде улы сұйығы бар қапшығы (капсуласы) болады. Қапшықта шиыршықталған жіңішке атпа түтікше-жіп жатады. Мұндай жасушаның гидра денесі жабынынан сәл қалтиып шығып тұратын сезімтал талшығы болады. Судағы ұсақ шаян немесе су бунақденелілерінің дернәсілі гидра денесіндегі сезімтал талшыққа тиіп кетсе, қапшықтағы атпа жіпше лезде жазылады да, денесіне жайылады. Гидра жемді қармалауыштары арқылы ауызына апарып, жұтады. Жем ішек қуысына түскен соң безді жасушалардан сәл бөлініп, ас ұсақталып қорытыла бастайды. Асқорыту-бұлшықет жасушаларының талшықтары ас түйіршіктерін араластырады да, пайда болған жасуша жалғанаяқтары (амеба сияқты) ол түйірлерді орап алып, цитоплазмаға өткізеді. Ас одан әрі вакуольдерде қорытылады.

Қоректік заттар ағзаның барлық жасушаларына сіңіріледі. Қорытылмаған қалдық заттар ауызы арқылы сыртқа шығарылады.

Қорытынды. Сонымен гидра сияқты ішек қуыстыларда жасушаішілік асқорыту және ішек қуысы ішіндегі асқорыту болады.

Ақ сұлама (планария) сияқты құрттар (80-сурет) ауызы арқылы жұтқыншағын айналдырып сыртқа шығарады да, қорегіне сұғындырып, оны тұтас жұтады. Қорек ішекте қорытылады. Сөйтіп ауыз, жұтқыншақ және ішек ақ сұламаның асқорыту жүйесі болып табылады.

 

 

Ақ сұламаның (планарияның) құрылысы.

Ал өздеріңе жақсы таныс шұбалшаңның асқорыту жүйесі күрделі. Оларда ауыз, жұтқыншақ, өңеш, жемсау, қарын және ішек болады (81-сурет). Ас жемсауда жұмсарады, қарында араласады, ішекте қорытылады.

Кеміргіш бунақденелілер (мысалы, зауза қоңыз) аузындағы төменгі тісшелі жағымен жапырақ түйірін аздап ұсақтайды. Бұдан соң өңеш арқылы ас тісшелі қарынға түсіп, сонда әбден ұсақталып, араласады. Ішекте қорытылып, сіңеді.

 

 

Шұбалшаңның асқорыту, қанайналым, жүйке жүйелері.

 

 

ІV. Жаңа сабақты пысықтау — (7 минут)

А) «Кім жылдам» ойынын өткізу (сұрақтар қоя отырып әр сұрақтан оқушылардан жауап алу)

 

  1. Жануарлар тіршілігінде қоректенудің қандай маңызы бар?
  2. Қоректің құрамындағы тіршілік үшін ең қажетті нәрлі заттарды атаңдар.
  3. Бұларды неліктен «құрылыс материалы» дейді.
  4. Қуат қайдан, қалай пайда болады? Оның «құрылыс материалына» қандай қатысы бар?
  5. Синтез деген не? (өз түсініктеріңді айту керек). Оның нәтижесінде қабылданған ас ағзада қандай өзгеріске түседі?
  6. Тозған жасушалардың жаңаруына мұның қандай қатысы бар?
  7. Гидрада асқорытуға дененің қай қабатының жасушалары қатысады?
  8. Гидрада асқорытылуының қарапайым жәндіктермен қандай ортақ белгісі бар?

 

Б) Қорытындылау

  1. Оқушы білімін бағалау – 1 минут

 

VІ. Үй тапсырмасы: § 34.

 

  1. Асқорыту жүйелерінің (әріппен белгіленген) қайсысы қай жәндікке (санмен белгіленген) тән екенін анықтап, сәйкес әріп пен санды бірге үйде жазып келіңдер.

 

А. Ауыз қуысы – жұтқыншақ – өңеш – жемсау – қарын – ішек.

Ә. Өткір хитинді үстіңгі тақташа – тісшелі астыңғы жақ – ерін – өңеш – тісшелі қарын – ішек.

Б. Ауыз – жұтқыншақ – ішек.

В. Ауыз тесігі – ішек қуысы – асқорыту вакуолі

  1. Ақ планария. 2 Зауза қоңыз. 3. Гидра. 4. Шұбалшаң.